Еттен кейін шай ішу темір жетіспеушілігіне әкеліп соғады - дәрігер
Анемия немесе қан аздық ауруына қазіргі таңда көптеген адам шалдыққан. Анемия дерті эритроциттердің және гемоглобиндердің концентрациясының төмендеуімен, темір, фолий қышқылы, витамин В12, мыс және басқада заттардың жетіспеушілігімен сипатталатын жағдай.
Анемия әр түрлі аурулардан (бауыр, бүйрек, ішкі секреция бездерінің), уланудан, қан құрауға қатысатын факторлардың жеткіліксіздігінен, жілік майындағы гипоплазиядан, эритроциттер гемолизінен т.б. пайда болады. Анемия кезінде қанның тыныс алу функциясы бұзылады. Асқынған анемия жағдайында оттегі жетіспеушілігі ауыр зардапқа ұшыратып, жасушалар өлуі мүмкін. Дәрігерлердің айтуы бойынша, анемия ауруына қыз-келіншектер мен кішкентай сәбилер көп шалдығады екен.
«Анемия ауруына көбіне қыз-келіншектер мен кішкентай сәбилер көп шалдығады. Темір тапшылығынан болатын қан аздықты үйде емдеу үшін неше түрлі дәрілік препараттар бар. Жалпы, анемия кезінде қосымша қан құю деген ой дұрыс емес. Себебі, қосымша қан құйылғанда қан құрамындағы эритроциттер бір айға ғана жарамды болғандықтан аса пайдасы жоқ. Көп қан мөлшерін жоғалтқан жағдайда ғана қосымша қан құйылады. Анемияны жою үшін қабылдаған темір тапшылығына арналған препараттар үлкен дәретке әсер бере бастаса, басқа дәрілермен алмастыру керек. Кейде, ата-аналар балаларына дәрі орнына жеміс-жидек беріп отырсақ орнын толтыра аламыз ба деп те сұрап жатады. Әрине, аз ғана жетіспеушілік болса, темірге бай көкөністерді тоқтатпай берсе болады. Бірақ, жетіспеушілік көп мөлшерде болған жағдайда дәрігеріңізбен ақылдасып, балаңызға қосымша дәрілік препараттар берген дұрыс. Сонымен қатар, қан аздықтың алдын алу үшін ет тағамы, алма, қызылша көп жеген пайдалы екенін де жақсы білеміз. Алайда, ет тағамын жегеннен соң артынан шай ішкен дұрыс емес. Себебі, шай адам ағзасына керекті темірдің мөлшерін жояды. Сол үшін ет тағамынан екі сағаттан кейін ғана шай ішкен жөн. Ал, шайдың орнын ағарғанмен алмастырған дұрыс», дейді Астана қалалық №7 емхананың скрининг бөлімінің дәрігері Сәуле Тұрсынова.
Айта кетейік, анемияның барысында ауыр патологиялық жағдайлар жиі дамиды. Анемия жалпы жағдайдың төмендеуіне ғана әкеліп қоймайды, сонымен қатар, онкологиялық және инфекциялық аурулардың дамуына, қоршаған ортаның түрлі қауіпті факторлар әсерлеріне қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Дана Сағынбекқызы